2024 жылғы 22–24 мамыр аралығында Гематология орталығында жедел миелобластты лейкозды (ЖМЛ) диагностикалау және емдеумен айналысатын денсаулық сақтау мамандарына арналған тәжірибе алмасу бойынша білім беру бағдарламасы өтті. Іс-шара Орталықтың Қарағанды қаласындағы филиалының базасында, Сәкен Сейфуллин даңғылы, 17 мекенжайында ұйымдастырылды.

Бағдарламаға Қазақстанның әртүрлі қалаларынан келген 12 дәрігер қатысты: Талдықорған, Ақтөбе, Тараз, Шымкент, Павлодар, Астана, Өскемен, Алматы, сондай-ақ шетелдік қонақтар: Тбилиси қаласындағы High Technology медициналық орталығының гематология бөлімінің меңгерушісі — профессор Nino Sharashenidze, Тбилиси қаласындағы Германия госпиталінің гематология бөлімінің меңгерушісі — Nino Seskuria. Ташкент қаласындағы Республикалық мамандандырылған ғылыми-практикалық гематология медициналық орталығынан бағдарламаға гемостаз патологиясы ғылыми бөлімінің басшысы, бас дәрігердің орынбасары — Инна Викторовна Бергер және Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бас гематологы, Трансплантация бөлімінің меңгерушісі — Гүлчехра Зухриддинқызы Махамадалиева қатысты.

Бағдарлама аясында қатысушылар келесі негізгі тақырыптар бойынша білімдерін жаңартты:

ДДСҰ-ның 2022 жылғы жіктемесіне сәйкес ЖМЛ-дың клиникалық ерекшеліктері мен диагностикалық критерийлері.

ELN 2022 бойынша генетикалық қауіп-қатерді стратификациялау.

Ағынды цитометрия мен молекулалық-генетикалық зерттеулер нәтижелерін түсіндіру, соның ішінде FLT3 мутациясын анықтау.

FLT3 мутациясының болжамдық маңызы және ELN 2022 мен NCCN 2024 ұсынымдарына негізделген терапияны таңдау.

Шетелдік ұсынымдарды жергілікті клиникалық тәжірибеге бейімдеу.

Орталықтың медициналық директоры Антон Анатольевич Клодзинский мәселенің өзектілігін және бағдарламаға қатысушылардың жоғары деңгейдегі қызығушылығы мен белсенділігін атап өтіп, зертхана мен клиниканың өзара әрекеттестігінің маңыздылығын ерекше көрсетті.

Бағдарламаға белсенді қатысып, өткізуге үлес қосқан барлық қатысушыларға, спикерлерге және менторларға алғысымызды білдіреміз. Бұл бағдарлама біздің клиникалық тәжірибемізде жедел миелобластты лейкозды диагностикалау мен емдеуді жетілдіруге бағытталған.

Сондай-ақ, іс-шараны өткізуге қолдау көрсеткені үшін Novartis Pharma Services AG компаниясының Қазақстан Республикасындағы филиалына Гематология орталығы ризашылығын білдіреді.

Алдыңғы жаңалық Келесі жаңалық