Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Шәріпбайқызы Әлназарова Астанадағы «Гематология орталығына» (ТОО «Центр гематологии») барды.

Орталықтың негізін қалаушылар және басшылары Ирина Пивоварова мен Антон Клодзинскиймен гематологиялық қызметті дамытудың жүйелі мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды.

Соңғы 10 жылда Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Орталық елдің ересек тұрғындарына гематологиялық көмек көрсетудің тұрақты моделін қалыптастырды.

📊 53 000-нан астам кеңес берілді, 5 608 пациент қан ауруларымен диспансерлік есепте тұр.

Орталықтың желісі Астана, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарындағы бөлімшелерді қамтиды. Жалпы төсек қоры — 51 тәулік бойғы стационар төсегі және 34 күндізгі стационар төсегі, амбулаториялық-кеңестік бөлім жұмыс істейді. Зертханалық зерттеулер мен цифрландыру деңгейі жоғары екені атап өтілді.

Орталық базасында гистологиялық, иммуногистохимиялық, цитогенетикалық және цитологиялық зерттеулер ұйымдастырылған. Телемедицина арқылы пациенттер референс-орталықтардан екінші қорытындыны жедел түрде онлайн ала алады, бұл диагноз қоюдың дәлдігін және пациенттерді жүргізу сапасын арттырады.

Нәтижелер әсерлі: ✅ Созылмалы миелолейкоз (BCR-ABL1+) бойынша бесжылдық жалпы өмір сүру ұзақтығы — 91,8%; ✅ Созылмалы лимфоцитарлық лейкоз кезінде — 78,4%; ✅ Көптік миелома кезінде — 68,3% (2015 жылғы 31%-дан екі еседен астам өсу байқалды).

Сапар барысында қан ауруларымен ауыратын пациенттерге медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған маңызды мәселелер талқыланды.

Олардың қатарында — химиотерапия құнын тарифтерге енгізуді қамтитын технологиялық бағытталған тарификацияға көшу, онкогематологиялық пациенттердің регистрлерін құру, терапия мен өмір сапасын мониторингтеу, амбулаторлық тарифтерді дамыту және емнің үздіксіздігін қамтамасыз ету, көмек көлемін жоспарлауды жетілдіру және дәрілік қамтамасыз етуді күшейту, сондай-ақ өңірлердің дайындығын ескере отырып «Гематология стандартының» кезең-кезеңімен енгізілуі бар.

Осы бағыттарды іске асыру бойынша жол картасын әзірлеу, тарифтік модельді жаңарту, цифрлық шешімдерді кеңейту және кадрлық әлеуетті нығайту туралы келісімге қол жеткізілді.

Министр Денсаулық сақтау министрлігі, кәсіби қауымдастық және өңірлік орталықтардың бірлескен жұмысы Қазақстандағы гематологиялық көмекті жаңа сапалы деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

Алдыңғы жаңалық Келесі жаңалық