Ағынды цитометрия және қан түзу бағаналы жасушаларды криоконсервілеу бойынша сарапшы Е.В. Бабенко қазақстандық гематологтар мен зертханалық диагностика дәрігерлеріне практикум өткізді және «Гематология орталығы» ЖШС филиалдарының жұмысын оң бағалады.

Р.М. Горбачева атындағы Балалар онкологиясы, гематологиясы және трансплантологиясы ҒЗИ трансплантат сапасын бағалау зертханасы бар криоконсервілеу бөлімінің меңгерушісі, ФГБОУ ВО «акад. И.П. Павлов атындағы Бірінші Санкт-Петербург мемлекеттік медицина университетінің» (РФ) халықаралық деңгейдегі сарапшысы Елена Витальевна Бабенко Қазақстанға «Қазақстан гематолог-дәрігерлер қоғамы» РҚБ-ның шақыруымен келді. Елде болған бір жарым апта ішінде ол бірнеше оқу іс-шараларын өткізіп, «Гематология орталығы» ЖШС филиалдарында болды.

Негізгі білім беру іс-шарасы қан жүйесінің ісік және ісік емес ауруларындағы ағынды цитометрия бойынша практикум болды. Оған гематолог-дәрігерлер мен зертханалық диагностика мамандары қатысты. Олардың қатарында Ұлттық ғылыми онкология орталығы (Астана), Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты (Алматы), Республикалық диагностикалық орталық (Астана), ШҚО консультативтік-диагностикалық орталығы, Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық (Астана), Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы (Алматы), «Қарағанды медицина университеті» КЕАҚ және «Гематология орталығы» ЖШС барлық филиалдарының мамандары болды.

Бірнеше күн бойы Елена Витальевна қазақстандық дәрігерлермен бірге қан жүйесінің күрделі ісік және ісік емес аурулары бар пациенттерге ағынды цитометрия жасап, оның нәтижелерін интерпретациялады.

Сонымен қатар шақырылған сарапшы Ұлттық ғылыми онкология орталығы мен «Гематология орталығы» ЖШС қызметкерлеріне иммунофенотиптеу бойынша дәріс оқыды. Ол офлайн форматта онлайн-трансляциямен өтті. Тәжірибелі дәрігерлер заманауи әрі жоғары сезімтал диагностика әдісі – ағынды цитометрия туралы білімдерін кеңейтіп, тірі пікірталасқа қатысуға мүмкіндік алды. Бұл әдіс минималды қалдық ауруды бағалау үшін де қолданылады, ал Қазақстан үшін бұл – салыстырмалы түрде жаңа бағыт.

Елена Витальевна «Гематология орталығы» ЖШС барлық филиалдарында болып, олардың жұмысын жоғары бағалады. Әсіресе әкімшілік блоктағы сауатты ұйымдастыруға тоқталды. Пациенттерді қолдау қызметінің мамандары мен администраторлар атқарып отырған жұмыс көлемі (қоңыраулар, пациенттердің тексерулерге баруын ұйымдастыру және т.б.) дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлерді қосымша жүктемеден босатады. Бұл, өз кезегінде, дәрігерлер мен мейірбикелердің негізгі жұмысына көбірек көңіл бөлуіне және пациенттерге көрсетілетін қызмет сапасының артуына мүмкіндік береді.

Алдыңғы жаңалық Келесі жаңалық