Бұрын пациент мектептерінде тек тақырыптар ғана емес, сонымен қатар сол тақырыптар аясында тәжірибелі гематологтардың баяндамалары да алдын ала анықталатын.

Ал жаңа форматта біз бастаманы тыңдармандарымыздың өздеріне беруді жөн көрдік, сондықтан соңғы екі мектептің мазмұнын тікелей пациенттердің өздері айқындады. Мектеп барысында ZOOM платформасында тыңдармандар өздерін толғандырған сұрақтарды қойып отырды.

Орталықтың тәжірибелі гематолог-дәрігерлері Антон Клодзинский пен Алия Искакова, сондай-ақ Орталықпен көп жылдан бері достық және әріптестік байланыста келе жатқан Қарағанды медицина университетінің ішкі аурулар кафедрасының профессоры Людмила Тургунова бірден қажетті жауаптар мен кеңестер берді.

Жаңа форматтағы алғашқы мектеп 19 мамырда өтіп, көптік миеломаға арналды. Ал екінші мектептің тақырыбы созылмалы лимфолейкоз болды, ол 9 маусымда өтті. Біз тыңдармандарымыздың белсенді қатысуына, маңызды сұрақтарына, олардың көпшілігі үшін аса қажет болған жауаптарға және жылы пікірлеріне ризашылығымызды білдіреміз. Кері байланыс бізге жаңа форматтың қаншалықты сәтті өткенін түсінуге мүмкіндік берді. Қатысушылар үшін мектептің ең құнды бөлігі – жоғары деңгейлі дәрігерлерден нақты түсініктемелер алу мүмкіндігі болды.

Біз бұрынғы форматтан мүлдем бас тартпаймыз. Кейде мектептер дәстүрлі үлгіде – дәрігерлердің аурулардың пайда болу себептері, көріністері, диагностикасы, емі, қауіп факторлары және пациенттердің өмір салты туралы дәрістерімен өтетін болады. Алайда күзде тыңдармандарымызды жаңа форматтағы мектептер күтіп тұр. Олар жедел лейкоздар, созылмалы миелолейкоздар, миелодиспластикалық синдромдар тақырыптарына арналады. Сондай-ақ мектепті офлайн форматта өткізу де жоспарымызда бар – бұл туралы қосымша хабарлаймыз.

Ал әзірге жаңа форматтағы мектептің өтуіне себеп болған ашық әрі шынайы диалог үшін барлық қатысушыларға тағы да алғыс айтамыз. Тыңдармандарымыздың пікірлері мен сұрақтарының арқасында біз аудитория қажеттіліктеріне дәлірек жауап беріп, дамып, пациенттеріміз үшін одан әрі жақсара түсеміз!

**«Гематология орталығы» ЖШС пациент мектептерін дайындап, өткізуге атсалысқан барлық дәрігерлерге, сондай-ақ бас директордың пациенттерді қолдау қызметін ұйымдастыру жөніндегі кеңесшісі Марина Чейшвилиге және білім жөніндегі менеджер Ақмарал Жүсіповаға шын жүректен алғыс білдіреді.

Алдыңғы жаңалық Келесі жаңалық