20 мамыр күні «Гематология орталығы» ЖШС Қарағанды филиалының процедуралық медбикесі Искүл Искақова өмірден өтті. Өз ісінің кәсіби маманы, сенімді әріптес, сүйікті ана, әже, әпке, қыз, ардақты жан дүниеден озды.
Ауру оның өмірін ерте қиды. 16 мамыр күні Искүл 55 жасқа толды. Өкінішке қарай, бұл мерейлі күнді аурухана төсегінде қарсы алды. Бірақ әріптестері оны қолдап, жүрекжарды бейнеқұттықтау әзірледі, өздерінің қаншалықты жақсы көретінін жеткізді, 12 мамырдағы Мейірбике күнін онсыз тойламауды, ол сауығып келгенде бірге атап өтуді айтты. Амал қанша, ол күнді күте алмадық…
Бұл – орны толмас қаза. Күшті, еңбекқор, әрқашан өзгеге көңіл бөлетін Искүл отбасы үшін де, «Гематология орталығы» ұжымы үшін де нағыз тірек еді. Ол 1997 жылдан бастап гематология саласында еңбек етіп, Орталықтың іргетасын қалағандардың бірі болды. Әрдайым жинақы, жауапкершілігі жоғары Искүл Искақова ешқашан қателеспейтін. Кейде дәрігерлердің өзі одан кеңес сұрайтын. Ол өз ісіне жан-тәнімен берілген жан еді: басқа ауысымдағы әріптестері де, жалпы кез келген қызметкер одан көмек сұрап, ақыл-кеңес ала беретін. Искүл ешқашан бас тартпайтын, жас мамандармен тәжірибесін бөлісіп, оларға тәлімгер бола білді. Компанияның қалай құрылғанын, қандай жолдан өткенін айтып беріп, қазіргі жағдайды – науқастар мен қызметкерлерге жасалған қамқорлықты бағалауға үйрететін.
Қандай жағдайда да сабырлы, ұстамды, жұмыс орнында сыпайы, мұқият болса, бейресми ортада да ол көңілді, шығармашыл, көптің жанын жадырататын жан еді. Даусын ешқашан көтермейтін, әрдайым мейірімді және жылы жүзді болатын.
Бұл – ауыр қаза. Бірақ біздің Искүл туралы естелік оны таныған әркімнің жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Иманды болсын.