«Гематология орталығы» ЖШС мен Өскемен жоғарғы медицина колледжі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Біз бір-бірімізге қолдау көрсетіп, пациенттердің игілігі үшін күшімізді біріктіреміз!

Медициналық білім беру ұйымдарымен серіктестік қатынастарды жолға қою – «Гематология орталығы» ЖШС мақсатты түрде дамытып келе жатқан бағыттарының бірі. Бұған дейін «Семей» медицина колледжімен меморандумға қол қойылған, алдағы уақытта Қарағанды және Теміртау медициналық колледждерімен де ынтымақтастық орнату жоспарда бар.

Колледждермен (болашақта мүмкін жоғары оқу орындарымен де) серіктестік – бүгінгі және келешектегі үлкен артықшылық. Ол ақпарат алмасуға, тәжірибені бірлесіп жетілдіруге, орта медициналық қызметкерлердің (қызмет етіп жүргендер мен студенттердің) бірлесе баяндамалар жасап, тәжірибе бөлісетін конференциялар өткізуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, бұл жоғары білікті кадрларды өсіруге жол ашады. Меморандум аясында колледж студенттері филиалдарымыздың базасында тәжірибеден өтіп, гематологиялық бөлімшелердің ерекшеліктерін меңгереді. Студенттер үшін «даладағы» тәжірибе пайдалы болса, біз үшін – болашақ қызметкерлермен танысу мүмкіндігі.

Тәжірибе барысында студенттер пациенттермен жұмыс істеудің негіздерін, медициналық ақпараттық жүйеде (МИС) құжаттар жүргізуді, оқу платформаларын пайдалануды, халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс үдерістерін меңгеруді және жаңа процестерді енгізуге қатысуды үйренеді. Ертеңгі күні дәл осы студенттердің ең қабілеттілері – логикалық ойы жүйрік, эмпатиясы бар, жауапкершілікті сезінетін және жанарында оты бар мамандар бізге келетін болады.

Біз бірге пациенттеріміздің денсаулығы мен өмірі үшін бұрынғыдан да тиімді күресеміз. Серіктестік байланыстарды жолға қою – тек өзара тиімді ынтымақтастық, достық немесе имидж мәселесі емес. Ең алдымен – бұл «Гематология орталығы» ЖШС филиалдарында ем қабылдап жатқан адамдарға қамқорлық көрсету мәселесі. Меморандумға қол қойыла отырып, осы қамқорлықтың іргетасына жаңа дәндер себілді.

Алдыңғы жаңалық Келесі жаңалық