20–21 шілде күні Басқарма төрайымы И.А. Пивоварова мен медициналық директор А.А. Клодзинский Қытай медицина қауымдастығының гематология бөлімшесі, Бейжің университетінің Гематология институты, Синьцзян медицина университетінің алғашқы аффилирленген госпиталі және Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданының Гематология институты ұйымдастырған 2019 Silk Road Central Asia Hematology Forum жұмысына қатысты.
Гематологиялық көмекті дамыту, диагностика әдістерін жетілдіру және емдеудің тиімділігін арттыру, сондай-ақ кооперативтік ғылыми зерттеулерді жүргізу халықаралық ынтымақтастықсыз мүмкін емес.
Соңғы онжылдықтарда Қытайда онкогематология, әсіресе гаплоиденттік гемопоэтикалық бағаналы жасуша трансплантациясы, CAR-T терапиясы және басқа да жасушалық әрі генетикалық технологиялар қарқынды дамып келеді. Бұл жоғары технологиялық бағыттар бойынша біздің жақын көршіміз әлемдік көшбасшылар қатарына шығып отыр.
Форум аясында Қазақстандағы гематологиялық қызметтің жағдайы туралы ақпаратпен бөлісу ғана емес, сонымен қатар бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, білім беру (оның ішінде мейірбикелік), күрделі клиникалық жағдайларды қашықтан талқылау, медициналық технологияларды трансферттеу және ынтымақтастықтың барлық деңгейінде (медициналық қауымдастықтар, клиникалар мен орталықтар, дәрігерлер мен мейірбикелер) перспективаларын талқылау мүмкіндігі туды.
Қытай тарапынан диалогқа онкогематология, трансплантология және жасушалық терапия саласындағы жетекші мамандар қатысты: профессор Kaiyan Liu, профессор He Huang, профессор Ming Jiang және басқалар.